Сонда, бақыт соқыр ма, әлде бақытты соқыр ма? Құс қонарында тұғыр таңдамаса, бақыт шіркін де жер басқан жұмыр басты пенденің бас-аяғына қарап жатпай, көңілі түссе, жаманға да қона салады дейді ғой. Сонда... Сол шіркін, түптің түбінде жақсы мен жаманды да теңестіріп, бақытты пендесін қаласа, бала ғып та, дана ғып та жіберетін құдіретіне сенетіні ме? Бақытты кезде сен дана болдың ба, жоқ па, ол арасын білмесең де, ал бала болғаның анық. Және соқыр болғаның да анық. Сонда бір басқа сыйған сәбилік пен сұңғыла даналықтың түпкі тегі түк көрмейтін соқыр болғаны ма? Солай болған ма, әй?!