bookmate game
kk
Free
Тахауи Ахтанов

Шырағың сөнбесін

  • Nurai Baidrakhmankyzyhas quoted6 years ago
    Роман
    БІРІНШІ БӨЛІМ
    1
    Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының шошынып шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма, өн бойын үрей билеп алған жануарлар опыр-топыр орғып, шыңғырып кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық көре алмаймын, жүн қаптап қойғандай қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен төгіліп толқып бара жатқан жал құйрықтарының бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Ағыза шапқан айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі қалады. Мен де алқынып, шайқалып жылқы толқынының арқасында келемін. Өн бойымда үрей бар. Еміс-еміс есіме келеді, осы үрей қазір ғана лап еткен жоқ. Мына жөңкіле шапқан қалың жылқының зәреңді ұшырған тұяқ дүрсілінен бұрын тұла бойымды жайлап алған. Бірден ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын. Қазіргісі тек ажалдан үркіп, әңгіріп жөңкіп бара жатқан көп жылқымен қоса бір жерде омақата құлаймын ба деген қорқыныш. Бірде шабыс бәсеңдеп тұяқ дүрсілі әлсірегендей болды. Бураның шудасындай бұйраланып, жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып шыңғырған дауыс естіледі. Дауыс өзгеріп, анықталып келеді. Шұбалта созып, шыңғыра айқайлаған паровоз екен. Қалың жылқы көз алдымнан ғайып болды. Паровоздың айқайлағаны, жылқының шыңғыра кісінегеніне ұқсайды екен — ау. Төменгі жақтан көрінбейтін доңғалақтар дүрс-дүрс етіп вагон теңселіп келеді. Басымды желкеме қайырып тартқандай мойыным қарысып ауырып қалыпты. Сірә бірінің астында қалса керек Біреудің бөксесі бүйірімнен сығып, ішімді ауыртып жіберген. Бұрымымды босатып алып жөнделіп жаттым. Бүйірім де кішкене солқылдап ауырып барып, шым-шымдап басылып балбырап, ұйқылы-ояу тәнім балбырап тынышталып келеді. Тәніммен бірге, барлық, қорқыныш пен үрей, дүрлігіс — дүрбелең артта қалғанын, үлкен қатерден құтылғанын сезген көңілім де жайбарақат тыныштыққа беріліп, ұйқылы-ояу манаураған күйі, арадағы үрейді аттап өтіп, алдыңғы күнгі тәтті елесті көз алдыма әкеле жатыр.
    * * *
    Онда қуанып оянып едім. Әлі до арылып болмаған тәтті түсіме алдағы келе жатқан жайдары, жақсы қуанышты, үзбей жалғастырғым келіп, бұйығып біраз жаттым. Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе... оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті. Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын — ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант. Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп тұрғызбайды.
    Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды — ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты-үстіне түсіп, иіліп — созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын. Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды».
    Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем. Денемнің толысыңқырап келе жатқаны да рас, қынама көйлектерім құрсағымды қысатынды шығарды. Ертеңгі демалыста қалаға бара қалсақ, кеңірек көйлек іздеп көрмек ойым бар.
    Сырттан Қасымбек кірді. Майкішең, иығында сүлгі, жуынып келіпті. Жуынар алдында самаурынға су құйып, от тамызып жібергенін де айтпай-ақ біліп жатырмын. Кереуеттің шетіне келіп отырып салқын қолымен маңдайымнан, шашымнан сипайды. Денесінен ертеңгі салқын, таза ауаның исі келеді. Маған бір жақсылық айтқысы келе ме, әлде жай көңілі жадырап жақсы оянды ма, қалың ерні дүрдиген атжақты, құба жүзінде, быттиыңқырап тұратын кішілеу дөңгелек көзінде болашақ қуаныштың табы бар. Өзім де сергіп жақсы оянып едім, Қасымбектің көзіндегі ұшқын кеудемді жылытып рахаттанып көзімді жұмдым. Салалы ірі қолы маңдайымнан, жағымнан сипайды. Көзім жұмулы болса да, оның еміреніп, телміре қарап отырғанын білемін. Бірақ осындайда адамды бір қатты қысып, құшырланып сүйіп алуға... именшек пе, болмаса сезімге сараң ба?.. Алақаны қарынымды сипап аузымның үстіне келіп қалды. Саусағынан сүйіп алдым. Қолын бетімнен алмастан Қасымбек ақырын еңкейді де ернінің ұшымен самайымнан сүйді. Мені бір уатылып кететін шөлмек дей ме екен?
    Соңғы кезде Қасым тіпті сыпайы боп барады. Мен қазір оған полк командирінің үйіндегі хрустальден жасаған қымбат ваза сияқтымын, командирдің әйелі Елизавета Сергеевна онысына қол тигізбей, жібекпен ғана сүртетін, Қасым да маған қаттырақ тиіп кетуге қорқады. Енді өзі ғана емес сөзі де сыпайыланып, бұрынғы қазақылық мінезінен қалып, менің қасым мен қабағымды қапысыз танитын болып алды.
    Оның сезбейтіні бір-ақ нәрсе. Мен әлі де күшімдемін. О жер, бұ жерім ауырып, денем ауырлаған жоқ, жар құшағына құштарлығым да кеміген жоқ. Кеміген жоқ деймін-ау, сол құрғыр, мені масқара қылғанда, артыңқырап кетсе де өзі білсін. Қасымбекке онымды сездіруге... қысылам. Әлі күнге дейін екеуміздің бетіміз ашылмаған ба... Бір-бірімізді қанша жақсы көрсек те, арамызда аттап өте алмайтын нәрселер бар.
    Ал маған Қасымбектің осы именшек қалпы да ұнайды. Бір түрлі қызық... Өзі жұмыр денелі әжептәуір ірі жігіт болғанмен ұялшақ бала сияқты. Анау, кішкене пісте мұрнын одан бетер кішірейтіп тұрған, дүрдиген қалың ерні... Алғашқыда маған ұнамағаны да сол еді. Екі қалың ерін бір-біріне жуыспай ашық тұратын. Ашық ауыз... адам кейде көріп тұрып соқыр болады екен-ау, қазір қарасам содан сүйкімді ерін жоқ. Жиырма бестен асқан дырау жігітке құдды жас бала сияқты аңқау кескін беріп сүп-сүйкімді етіп тұрған сол ерін. Күлгенде тым жақсы жұқарып, үлкен күрек тістерін жалаңаштап, екі езуіне жаңа туған ай сияқты екі нәзік сызық түседі. Көзім жұмулы болса да біліп жатырмын, Қасымбек маған дәл солай жымия қарайды, көзімді ашып алсам езуіндегі нәзік сызықтарды көрем. Төрт құбылам түгел, жақсы халде жатырмын, осы рахат сәтімді өзгертпей тәтті қиялға елігіп жата бергім келеді. Көзімді ашып алғанда Қасымбектің шар сияқты дөңес маңдайын көріп, «шашы қаша бастаған жоқ па екен?» деп ойлап қалдым. «Болашақта күйеуім қасқа бас болады — ау» деп уайымдауға — көкірегім рахат тыныштыққа толы еді, тек Қасымбекті жақсы көрдім де қойдым.
    - Жаңа майор Масловты көрдім, — деді Қасымбек.— Ертең семьяларымызбен Брестке барып келуге бір машина беретін болды.
    Meн үндемей ғана басымды изедім: қайда барсақ та маған бәрібір, әйтеуір алдымызда жайма-шуақ жақсы күн бар, жадыраңқы көңіл бар.
    — Жүк машинасына орындық қойғызатын болды. Отыруға жайлы болады.— Қасымбек мені қуантқысы келген адамша сөйлеп отыр.— Жетпіс-сексен шақырым жер. Ерте шығып кетсек тіпті рахат. Күні бойы қалада болып, қонаға қайтып келеміз. Сонда өзіңе керек-жарағыңды да қарарсың.
    — Бұрын көрмеген қалам еді, жақсы болды,— дедім Қасымбекті риза қылғым келіп.
    — Я, десейші, жап-жақын жерде тұрып, қанша уақыттан бері бip бapa алмап едік, — деп Қасымбек менің сөзімді іліп әкетті. Енді міне, сәті де келді.
    Қанша ерке келіншек болсаң да ұятты білу керек, орнымнан тұрайын деп басымды көтеріп алып едім, Қасымбек самаурынды қарағысы келді ме, сыртқа шығып кетті. Байқаймын, құрсақты болғаннан бері менің тәнімді көруге қаймығады.
    Шай үстінде Қасымбек маған бірдеңе айтқысы келгендей бір-екі рет қарап қойды. Ондайда бір нәрсеге екі ойлы боп қалғанын сезем де, енді қипақтап қинала бермесін деп сәл қабағымды қозғаймын. Оны өзі түсінеді.
    - Қалаға бapyғa мұрындық боп жүрген біздің Николай көршіміз. «Ертең 22 июньде аттай жиырма беске шығам. Ондай мерекемді атап өтпесем масқара — тағы»,— дейді. Жеті-сегіз жолдасын қалада ресторанға апармақ. Өзі де шашылатын түрі бар. Бір айлығымды түгел жұмсаймын дейді. Әрине, өзінің тікелей бастығын ұмыта ма, бізді де шақырып отыр.
    Қасымбек іркіліп қалды, көмейін түсіндім.
    — Онда біз қандай тарту апарсақ екен?— дедім.
    Оның әйелімен ақылдасқысы келгені, менен күткен сұрағы да осы еді, соны айтқызып алған соң, өп-өтірік:
    — Ойбай-ау, мен оны ойламаппын — ау. Бәсе не апарсақ екен?— деді.
    —Жиған-терген тиынымызды ала барамыз ғой. Қаладан іздерміз,— дедім мен.— Бұл жерден не табамыз.
    Шайын ішіп болып киініп жатып Қасымбек «кі — һе» деп мырс етті. Ойына қызық, бір нәрсе түсіп кеткенде сөйтіп мұрнынан күліп алатын әдеті бар.
    — Николай маған шақыратын жолдастарының тізімін көрсетті. Қарап тұрсам кілең келіншегі барлар. Бойдақтан, амалы жоқ, біздің ротадағы екі жолдасын ғана шақырыпты. Светасын тіпті сорақы қызғанады.
    Николай Топорков Қасымбектің ротасында взвод командирі, шынашақтай ғана жігіт, кішкене гимнастеркасының жағасында қызыл эмаль жалатқан төрт бұрышты жалғыз кубигі бар — кіші лейтенант. Кішкентай адамдардың көбісі — ақ шелтеңдеген пысық болады ғой — бұ да сондай. Шекесі жұмырықтай, сопақ бет, аласа шот маңдай, су ішуге мойнын созған аттың басы сияқты иегі ілгері ұмсынып біткен. Өзінің кескіні — ақ қызық — қит етсе төбелесе кетейін деп тұрған тентек бала сияқты. Бір-екі рет саптың алдына шыққанын көргенім бар. Кішкентай кеудесін жырта керіп, екі шынтағын ширатып кейін шығарып, қаздаңдап билей басады. Тұсынан өтіп баратқан бәйгеге делбесі қозып, шыдай алмай, жер тарпып ауыздығымен алысып тұрған тай — құнан сияқты. Бірақ әйтеуір өзі бір нағыз адал жігіт, ар жағында бүкпесі жоқ, не де болса дыз етіп сыртына шыға келеді. Қасымбек оны сонысы үшін ұнататын.
    Оның келіншегі Света, орысша айтқанда, менің подругам Екеуміздің қаншалықты жақын дос екенімізді өзім де әлі мықтап ажыратқаным жоқ. Осыңда келгенде алғашқы араласқан адамым сол. Бөлмелеріміз көрші, оның үстіне Қасымбек пен Николайдың қызметі бір. Әрине мінезің жараспай, жұлдызың қарсы болса бұл екеуінің бірі де кісіні жақындастыра алмайды. Света екеуміздің мінезіміз жарасты ғой деймін,— жақсымыз.
    Света аппақ, ақсары келіншек. Шашы ақселеуден гөрі сәл сарғыштау. Атжақты, ұш жағы өткірленіңкіреп келген жұқа танау қыр мұрынды. Қабағы жұқалаң кішілеу көзі ашық көк пе, әлде жасыл ма, ажырата алмаймын. Қызғылт шалған шикіл өңі — ар жағынан күн көрінгендей нәзік бүкіл талдырмаш тұлғасында, балапанның түгіндей ақсары шашында, биязы ширақ қимылында тал жібектей есілген нәзіктік бар. Еркек тұрсын әйелдерді тартатыны да осы нәзіктігі болар. Ұрғашы болып, өмірінде түтігіп ашуланып, шаптығып біреудің бетінен алып көрмеген шығар деп ойлаймын.
    Өзім әзірге Светаның сабасынан шыққанын көргенім жоқ. Ренжісетін де еш нәрсеміз болған жоқ, бірақ енді, ұрысқақ әйелге сылтау жоқ жерден-ақ табылады ғой. («Есіктің алдын күнде қоқытасың, ылғи мен сыпырам ба?»,«Жолға суды кім төккен?», «Самаурынның шоғын төгіпсің, үйімізді өртемексің бе?») Светаның бір рахаты, әйел болып ондай ұсақ-түйекке бір күңк етпейді. Мақтанғаным емес, мен де ұрысқақ емеспін. Орысша ұрысуға тілім де шорқақ. Елден, қазақтың даласынан келген адам, кілең орыс әйелдерінің ішінде бөлексініп, қаймығып жүрем. Бұ жағынан Светамен екеуміз, жолымыз болып, жақсы қосылдық.
    Мен қазақшаға да сөзшең емес едім, орысшаға ауысқалы тіпті үндемейтін болып алдым. Света да сөзге сараң, бірақ кісі жатырқайтын тұйық емес, ажары ашық, адамға ылғи жылы шыраймен қарайды. «Жүзі игіден түңілме» деген, менің бүйрегім де Светаға қарай бұра береді. Көп сөйлеспесек те, екеуміз үйір болып алдық. Қолымыз бос болса, бірге отырамыз, баратын шаруаға бірге барамыз.
    Оның қасында жүргенде жайма-шуақ көктемде далада оңаша келе жатқандай, жаның да жайлы, құлағың да тыныш.
    Света күйеуін жақсы көреді. Әрине енді, біреудің ішіне кіріп шығу қиын, бірақ қасында жүрген менің білуімше солай сияқты. Ал Николай болса... оның Светаны жақсы көретіні соқыр адамға да көрініп тұрады. Ол әйелін сүйгенде жай емес, кәдімгідей күйіп-пісіп сүйеді. Кейде өзін қорсынып, бұртаңдап жоқ нәрсеге өкпелеп таусылып қалса, кейде әйелін мақтаныш етіп танауы шелектей болады. Сұңғақ бойлы сұлу келіншегін қолтықтап ап, шынашақтай боп шіреніп баратқан түрін көрсең... тура «іштерің күйсе тұз жалаңдар» деген кескіннің өзі.
    Осында келгелі Николаймен жиі араласып, жақындасып кеттік. Байғұс жаман жігіт емес, бірақ күнәқар болсам да, шынымды айтайын: өз басын Светаға Николайды теңсінбеймін. Светаның еркек-ұрғашыны бірдей тартатын ерекше бір лебі бар. Еркектер оны көргенде өңдері жылып, көздері мұнарланып, іштей күрсініп қояды. Нағыз бір ересек, ұстамдылары тамағын кенеп, көзін тайдырып әкетіп, бірақ кімге, қайда қарарын білмей, қипақтап қалады да, аржағында сайтаны барларының, май ұрлаған мысықтай, көздері жылтырап шыға келеді. Жұрт назарын Света сезбейтін сияқты, жайма-шуақ, ақжарқын қалпынан аумайды. Әрине сезбейтін болар, егер сезе қалса... онда жайбарақат қалпын жоғалтып, мінезі өзгеріп, не іштей тіксініп, бойыма дарытпаймын деп, тәкаппарсып кетер еді, не оңай сықырмен еліктіріп, жігіттердің ындынын кептіре түсер еді ғой. Дегенмен, тереңінде жатқан, тіпті өзі де білмейтін, бір сиқыры бар шығар. Болмаса, асқан сұлу емес... әлде нәзіктігі ме?..
    Бірақ осының бәрін Николай сезеді. Командирлер бас қосқан жерде ұстараның жүзінде отырады. Кейде, сыр алдырғысы келмей, қанша ақжарқын болғысы кеп бақса да, орайын тіпті келтіре алмайды. Әзіл-қалжыңы да орынсыз шығып, даусы дабырлап, өзін-өзі зорлап күлдіріп, оқыс тұйықталып қала береді. Содан сөзге араласпай, қабағының астынан жұрттың ажарын жіті бағып, әйеліне түсіп кеткен көздерді аңдып отырады. Қара торы жүзінің, шешек дағы ма, безеу ме, мен ажырата алмаған қожыры бар, әрі-беріден соң түтігіп, беті тіпті қарайып кетеді. Түрін тышқан аңдыған мысыққа ұқсатып, кішкене көзі ғана ызалы жылтырайды.
    Қасымбек жаңа: «Светасын тіпті сорақы қызғанады»,— дегенде, Николайдың дәл осы кескіні көз алдыма келіп тура қалды. Қайтсын енді, еріккен бойдақ командирлерді шақырса, өзінің ертеңгі қуанышты тойын азапқа айналдырмай ма?
    2
    Біз үлкен селоның шетінен оқшау салынған особнякта тұрамыз. Бұл өзі заманында бір мықты байдың үйі болу керек — еңсесі биік, екі қанатын кең жайған келісті үй. Ауласының шет — шетінде шағын ғана екі-үш бөлмеден кішкентай үйлер бар — оны флигель дейді екен. Бұларда осы мықтының күтуші, қызметшілері тұрса керек. Біздің полктың семьясы бар командирлері осы особнякқа түгел сыйып кетті. Мықтырақтары ана үлкен үйдің өзінде тұрады да, біз сияқтылары бір бөлме алып флигельде тұрамыз. Ауланың іші аллеялары бар, кәдімгі парк, әр жерде скамейкалар, беседкалар. Жалпы тұрысымыз жаман болған жоқ.
    Осы бір рахат жерге келіп орналасқанымызға айдан асып кетті. Әйелдер: «Нағыз курорт», — деп, қуанып жүр. Тек бір ыңғайсызы күйеулеріміз таңертең қызметке кетеді, содан қара кеште бір-ақ оралады. Жаздың ұзақ күнінде өңшең әйел қаламыз. Әйел деген халық, айналып кетейін, жақсы ғой, тек өздері бірыңғай қалған жерде шаң-шұңы да көп болады екен.
    Бірақ біз жабайы әйелдер емес, қызыл армия командирлерінің әйелдеріміз. Біздің де өзімізге лайық бастығымыз, тәртібіміз бар. Полктың әйелдер советі — деген ұйымымыз бар. Оның бастығы полк командирінің әйелі Елизавета Сергеевна дәрежесі үлкен болғанмен, өзі кішкентай адам. Аузы, мұрны, қол-аяғы бәрі де шағын ғана келген, ып-ықшам. Кішілеу ғана шүйке бас, сопақ бет, қоңырқай жүзді кісі, ұшы шошайыңқырап көтерілгені болмаса, мұрны да пістедей. Сөйлегенде, жұқалаң ерні тісіне жабысып, аузын шымшып сөйлейді.
    Бұл әйел сырт адамға, бір қарағанда, қораш көрінер, бірақ біз үшін аруағы асқар таудай. Кішкентай кеудесі шошайып, аяғын нығыз басып, ол келе жатқанда, өзіміз қаймығып, етек-жеңімізді жия бастаймыз. Кісіге кейігенде, тәкаппар жүзінен ызғар тепсініп тұрады.
    — Сіз неге бүгін саяси сабаққа келмедіңіз?
    Даусын көтермесе де, әр сөзін шегелеп, нығарлап айтады. Кішілеу тарғыл көзінде сұс пен қабат ащы мысқылдың ұсқыны суық жылтырап, өзі де, шегелеп тастағандай, нығыз тұрады.
    — Meн бір үйдің ішінің кір-қоңын жуам деп...
    — Саяси сабақтан қалуға ешқандай дәлел қабылданбайды. Ал кір жуу деген тіпті де дәлел емес. Мәселеңді әйелдер советінде қараймыз.
    Көбіміз — ақ Елизавета Сергеевнадан мықтап қаймығамыз, шүйкедей болғанымен, алды қатты кісі. Біздің арамызда да әскери қатал тәртіп орнатпақ ойы бар.
    — Біздер командир әйелдеріміз. Әскер бөлімінің жанында тұрамыз. Сондықтан бізге де әскери тәртіп керек. Салдыр-салақтықты жою керек. Тәртіпке бағынбаған әйел жолдастарға қатал шара қолданамыз,— деп талай сөйлеген.
    Күйеулеріміз ертеңгі асын ішіп қызметке кетіп, үй-ішін жиыстырып болған соң, сәске түсте Елизавета Сергеевна бәрімізді жинап алады. Көбіне үлкен беседкаға жиыламыз, небәрі жиырмаға тарта әйел дөңгелек кең беседкаға түгел сыямыз. Бүгін де айтқызбай жиналдық, Елизавета Сергеевнаның төрде председательдік орны бар, ол соған барып отырды. Оған жалғас оның орынбасары, полктың штаб бастығының әйелі Алевтина Павловна келіп отырды. Алевтина Павловна ақсары, сұлу келіншек, оның аты қандай құлаққа майда жұмсақ болса, кісінің көзіне өзі де сондай әсер етеді. Денесі аршыған жұмыртқадай жұп-жұмыр, сәл ғана ұрты білініп, бұғағы үлбіреген дөңгелек жүзді, үш жағы қайқайған кішілеу ғана «ерке мұрын». Мұның да шертіп тұрған әсем кеудесі мен жас баланың білегіндей тамағын, әсіресе сүйіске құштар үлбіреген ернін көргенде, талай еркек тамсанар еді, бірақ бұл маңда оған өресі жететіндер жоқ. Ол штаб бастығының, майор Масловтың әйелі.
    Алевтина Павловна өз бағасын жақсы білетін кербез келіншек, бәрімізге де жоғарыдан төмен сәл мүсіркей қарайды. Бірақ, сонысын өзімсінген еркелігі басып кетеді де, сенің намысыңды шабақтамайды. Басына қонған бақыты мен құдай берген ажар, көркі бірдей болса, қай келіншек бұлғақтамайды. Алевтина Павловна тек Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік көрсетеді, оның алдына шығып сөйлемейді. Елизавета Сергеевнаны сөйлетіп қойып: «Қайтесің, айта берсін»,— дегендей, сол ғана езу тартып жымиып, өзі зерігіп үнсіз отырады.
    Елизавета Сергеевнаның сол жағына әйелдер советінің хатшысы инеліктей қатқан арық, сұңғақ бойлы Маруш Аршаковна келіп отырды. Мұның тұлғасы мен келбеті Алевтина Павловнаға қарама-қарсы жаратылған, бірі күн болса, бірі түн сияқты. Маруштың шашы көмірдей қара, жылтыратып ортасынан қақ айырған, биік қабақты, үлкен дөңес мұрынды қатқан қара торы келіншек. Әйелге сонша үлкен мұрынның жарасқанын алғаш рет осы Маруштан көрдім. Егер мұрны осыдан кішілеу болды бар ғой, анау биік қабағына, тостағандай қара көзіне, мына жақ бітіміне жараспас еді. Арық болғанмен, арсиып тұрған жоқ, денесі де жинақы, сымбатты, тек бір ғана айыбы қушықтау иығына ірі жүзді бас қондырысы үлкендеу. Орыс тілін басқа бір нақышқа салып, әсем бүлдіріп сөйлейді. Оған Алевтина Павловна «Шығыс Мадоннасы» деп ат қойған.
    — Мен қайдан Мадонна болам. Мадонналар сен сияқты толық болады. Нағыз славян Мадоннасы өзіңсің,— деп күледі оған Маруш.
    Маруштың жас шамасын айыру қиын, Елизавета Сергеевна сияқты отыздан әжептәуір асып кетсе де өзі білсін.
    Елизавета Сергеевна столды тықылдатып тәртіпке шақырды да, сөзін бастады.
    — Жолдас командир әйелдері, мәжілісімізді бастаймыз. Өздерің білесіңдер, ертең күн демалыс. Бірсыпыра жолдастар Брестке барады. Қалғандары өз қалауынша дем алады. Ал, біздің көптен бері қанша талқылап, шеше алмай...
    Осы кезде Наташа деген келіншектің емшектегі баласы шырылдап жылап қоя берді. Өзім де неғып жыламады деп отыр едім, бұ баланың күндегі әдеті осы — Елизавета Сергеевна сөз бастарда, шырқын бұзады. Шешесі Наташа сидиған бойы болмаса, бір шайнам еті жоқ, адырақ көз, арық келіншек. Жас та болса кеудесіне жабысып, солып қалған емшектен не сүт шықсын, содан болар, баласы зар жылауық. Өкшесі қанап көрмеген Елизавета Сергеевна қоңыз жұтып қойғандай тыжырынды.
    — Наташа, Наташа, жұбатсаңызшы. Ылғи өстіп жиналыстың шырқын бұзасыз.
    Наташа еш уақытта кісінің бетіне келмейтін келіншек: «І — і — і» деп бебеу қағып, баласын әлдилейді. Бала ерегіскендей, одан сайын бақырады.
    — Бері әкелші маған,— деді осы кезде бір әйел.
    Бұл — Валя. Кеспелтек, балғадай келіншек, мұның да емшекте баласы бар. Баласының екі шекесі торсықтай.
    — Бері әкел. Мен емізіп берейін,— деді Валя.
    Елизавета Сергеевна тағы бір қоңызды жұтып қойды.
    — Валя, қалай ғана ұялмайсыз. Осындай жиналыстың үстінде емізіп отырмақсыз ба?— деді Елизавета Сергеевна, жұқа танауын тыжырып.
    — Е, емізсе несі бар, басқа ешкім жоқ, кілең қатындар емес пе,— деп, шап ете қалды шүйкедей арық әйел. Бұл кәдімгі аты шулы ұрысқақ Муся.
    — Муся... э... Мария Максимовна, осы дөрекіліктің керегі не? Қатындар деп... Сіз совет командирінің әйелісіз.
    — Е, немене, қатын демей, «әйел» деп сызылғанда, қайтадан қыз болармын деп не ең? Сені мен біздің қыз дәуреніміз енді айналын келмейді. Қатынның аты қатын, — деп, ұрысқақ Муся бастықтың өзін тойтарып тастады.— Одан да емізсін ана Валя. Екі емшегі екі сиырдың желініндей. Жетеді. Наташа деген, жас та болса, мен сияқты кеуіп қалған қу шандыр емес пе?
    Бұл фәниде Елизавета Сергеевнаның жалғыз қорқатын адамы — осы ұрысқақ Муся. «Пәледен машайық қашқан» деген емес пе, өзін «полктың анасы» санайтын, бізге әмірін мықтап жүргізетін Елизавета Сергеевна осы ұрысқақ Мусяға келгенде, тайқып шыға келеді. Бастығымыз үнсіз қалды — онысы Мусяның айтқанына амалсыз көнгендігінің белгісі.
    Валя өз баласын Наташаға ұстатты да, оның жылауық баласын баурына салды. Ұрысқақ Муся бекерге шабалаңдамаған екен, заржақ бала Валяның кеудесіне жете бере жым болды, тіпті құлқыны кеуіп қалған екен, сораптап емгеніне дейін естіліп тұр. Бір сәт бәріміздің көзіміз ашқарақ балаға шүйілген екен, Елизавета Сергеевна есін жиып, үзіліп қалған баяндамасын қайта жалғады.
    — Жолдас командир әйелдері, үлкен қаладан шет тұрғандықтан, сіздердің ешқайсыларыңыз қызмет істемейсіздер. Уақыттарыңыз босқа кетіп жатыр. Әйелдер советі сіздердің сол бос уақыттарыңызды пайдалы нәрсеге жұмсау жайлы мәселе қарады. Ақылдасып келгенде, өте маңызды екі шешім қабылдадық. Біріншісі — неміс тілін үйренетін үйірме ашамыз. Күніне екі сағат сабақ өткізіледі. Светлана Андреевна,— деп Елизавета Сергеевна Светаға бұрылды,— Сабақ беруге сізді тағайындамақ болып ұйғардық.
    — Бізге Света сабақ бере ме?— деп шықылықтап кеп күлді ұзын бойлы, иығы еңкіштеу, қызыл бет келіншек.
    — Э — э, Муся, сіз несіне күлесіз? — деп кейіді Елизавета Сергеевна.
    — Жоға әншейін,— деп Муся одан бетер сықылықтады,— Мен жәй... һ — е – һе — һе.
    Екі Мусяны шатастырып алмас үшін, жұрт бұл келіншектің атын «Күлегеш Муся» қойған — ды. Оның ерекше бір қасиеті көбіне күлетін жерде күлмейді де, нағыз бір күлмейтін жерде күледі. Бір күлсе, көпке дейін тоқтай алмайды.
    — Елизавета Сергеевна, менің өзім неміс тілін мардымды білмеймін. Кімге ұстаз бола алам?— деді Света қызара бөртіп.
    — Шырағым Света, біз әуелі сенің білгеніңді біліп алайық,— деді Маруш болар-болмас қана езу тартып. — Содан кейін ар жағына басқа мұғалім іздерміз.
    — Қоғамдық тапсырмадан бас тартуға болмайды, — деді Елизавета Сергеевна аузын шымшып сөйлеп,— Светлана Андреевна, сіз де, біз де әйелдер советінің шешіміне қалтқысыз бағынамыз. Сонымен бірінші мәселені қабылданды деп есептейміз ғой, әйел жолдастар? Кәне, дауысқа қоям. Құптағандарыңыз қол көтеріңіздер.
    Света қызарып төмен қарап отырып қалды, өзгелеріміз қол көтеріп құптап шықтық. Әйел бастығымыздың екінші мәселесі тігін үйірмесін ұйымдастыру екен. Бұл да жақсы — ақ нәрсе — екі қолың алдыңа сыймай, бос отырғанша, өнерге үйренесің, балаңның көйлек — көншегін қайысаң да, не зияны бар. Маруш Аршаковна шебер екен — сабақ жүргізеді. Әйелдер бұл ұсынысты жамырасып, жабыла қостап еді, артындағы бір кілтипанына келгенде, екпіндері қайтып қалды. Ол — тігін машинасын сатып алу, сол үшін кісі басы ақша жинау, және сөзбұйдаға салмай, ертең Брестке барғанда ала келу керек. Қинаған жері осы ара. Тіпті бар болса да, қапелімде қалтадан ақша суырып беру... Ойламаған, күні бұрын есепке кірмеген шығын. Есепсіз ақша кімде бар... Елизавета Сергеевна шырылдап қанша үгіттегенмен, бола қоймады. Артық ақша жоқ... Ойлану керек. Әрине ақша жинау керек қой, бірақ қапелімде... Кешке күйеуіміз келсін... Қанша айтқанмен, ақша табатын солар ғой... Ақылдасайық... Ертеңнен басқа да жексенбі бар ғой. Брест те қашық емес... Келесі жұмада барса да...
    Бұл мәселе осылай жіңішкеріп барып сиырқұйымшақтанып бітіп еді...
  • b0497697631has quoted5 years ago
    Адам деген қызық — ay, біреуді жақсы көрсең, оның өзі ғана емес, бүкіл төңірегі, киген киімі, ұстаған мүлкіне дейін ыстық болады екен.
  • Сартай Қарабалинhas quoted5 years ago
    Ер басына іс түсетін де кез болады. Шетте жүрген жалғыздың жұбайынан басқа серігі бар ма, қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды, шырағым. Қарның ашса, қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бәріне шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма» деді.
  • Bagzhankahas quoted5 years ago
    Абзалы адам өзінің алла тағала жаратқан табиғи кейпіне түскенде бір — біріне жақынырақ көрінеді — ау деймін.
  • Серикбол Жумажановhas quoted3 years ago
    Өзінің сенген нәрсесіне шек келтірмейтін адам ең бақытты жан, ондай адамның көңіліне күмән дегенің ұрланып кіре алмайды, сондықтан да ол күшті, өзгеден өктем болмақ.
  • Aleksandrasia Ivanovahas quoted5 years ago
    Биліктің дәмін бір татып алған адам... ол анау маскүнем ішкіштен де жаман, құлқыны тілеп аңсап тұрады. Маскүнем бір жұтым арақ үшін несін аяйды, бұл да билік үшін неміске ме, әзәзіл жын — шайтанға ма, кімге болса да, қызмет қылуға дайын.
  • b2053641075has quoted2 years ago
    Ғашықтық деген де ішпей-жемей есіңді алатын мастықтың бір түрі ғой деймін,
  • b3841005720has quoted2 years ago
    Аштықтың да өз мінезі бар, өне бойы ішіңді тырналай бермей, бірақ өзін де ұмыттырып жоғалып кетпей, қолқаңның түбінде ақырын ғана мүлгіп жатады
  • Арман Мулдашовhas quoted4 years ago
    Кемпірлер «ер бала аңқау, қыз бала залым болады» деуші еді,
  • Акханым Заманбекhas quoted5 years ago
    «Бақытсыздық» деген нәрсе жамандық пен жақсылыққа бөлінбейтін, адамға төтеннен келген алапат па екен, әлде заты әйелдің осалдығы ма
fb2epub
Drag & drop your files (not more than 5 at once)